Дизель отыны ақтөбелік диқандарға ең арзан бағамен берілген

Сурет egemen.kz сайтынан алынды

Ақтөбелік диқандар күзгі жиын-терім науқанында еліміз бойынша ең арзан бағамен берілген дизель отынын пайдаланып отыр. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мәлімдеді.

Биыл 341 мың гектар алқапқа дән себілді. Қазір одан 416 мың тонна астық алынып отыр. Орта есеппен өнім гектарынан 12,5 центнерден алынып жатыр. Өткен жылы 175 мың тонна астық орылған еді. «Биылғы жаз жаңбырлы болғандықтан, әсіресе Әйтеке би, Хромтау, Қарғалы аудандары мен қала іргесіндегі ауылдар мол өнім алып отыр», — дейді мамандар. Келесі жылға тұқым толық әзір.
— Министрлік тарапынан 10 мың 900 тонна арзандатылған дизель отыны берілді. Бағасы литріне 84 теңгеден сатылды. Бұл баға еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда ең төмен баға болып отыр. Ал Қазақстан бойынша дизель отынының бағасы 92 теңге болып белгіленген. Бұл жанар-жағар май шаруашылықтарға күзгі науқанды аяқтауға да, жерді өңдеуге де жетеді, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асылхан Абтиев.
Сондай-ақ биыл Ақтөбе облысының шаруашылықтары 5900 гектар жерге картоп, 4100 гектар алқапқа көкөніс, 800 гектарға бақша дақылдарын еккен. Нәтижесінде, көкөністен 70 мың тонна, бақша дақылдарынан 15 мың тонна өнім алынды.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз