Ауыл кәсіпкерлігін дамыту мәселесі талқыланды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовті қабылдады.

Ақтөбеде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану мәселесі сөз болды. Өңірде 60 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Әсіресе, ауыл кәсіпкерлігіне ерекше ден қойылған. Абылай Мырзахметов облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған ауыл тұрғындарын оқытуға арналған «Бастау» жобасына оң баға берді. 14 қыркүйекте Шұбарқұдық ауылынан басталған оқыту курстарына осы уақытқа дейін Темір ауданының 160 тұрғыны қатысқан.
— Бүгінгі күнге дейін ауыл кәсіпкерлігін жүргізуге бейімделген арнайы әдістеме жасақталған жоқ. Бірақ, осы Ақтөбеде қолға алынған оқыту курстарының әдістемесі ауыл кәсіпкерлігі үшін өте ыңғайлы екенін көрсетті. Пилоттық жоба 4-5 аптаға шақталған. Бірінші аптасында қатысушылар тесттен өтеді. Олар кәсіпкерлікке қабілеттерін анықтайды. Бұдан соң нақты бизнес жоспарлар жасалып, нақты оқытылады. Біз бұл әдістің тиімділігін көрдік, — дейді ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз