Ақтөбеде теракт оқиғасына қатысқандарға үкім оқылатын сот залы жаңартылды

Ауыр істерді қарайтын мамандандырылған сот 1,5 миллион теңгеге техникалық жабдықтар алған.

Ақтөбедегі теракт оқиғасына қатысқандарға үкім оқылатын облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қазір қызу дайындық үстінде. Сот төрағасы теракт оқиғасына қатыстылардың ісі сотқа әлі түспесе де қауіпсіздіктің күшейтіліп жатқанын айтты:
— Іс басталған кезде баспасөз қызметі арқылы хабарланатын болады. 5-маусым күнгі оқиғаға қатысы бар күдіктілердің ісі прокуратурада тергеуде болғандықтан біздің тараптан ештеңе айта алмаймыз. Себебі іс сотқа түскен жоқ. Істің жабық түрде қаралуы да мүмкін. Заңға сәйкес қауіпсіздікті де қамтамасыз етуіміз керек. Сол себепті сот отырысы өткізілетін зал үлкейтіліп, қосымша жөндеу жұмыстары жасалды. Сот ғимаратының айналасындағы қауіпсіздік күшейтілді, техника жаңартылды. Жоғары сот 1,5 миллион теңге қаржыға іс қарауға жеңіл болсын деп жаңадан жазба құралдарын, теледидар, дауыс күшейту қондырғысы алынды. Қазір қажет заттардың барлығы сатылып алынды, — дейді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Нұрлан Сұлтанов.
Қазіргі уақытта 1,5 миллион теңгеге алынған жабдықтар облыстық сот ғимаратына орнатылып жатыр. Сонымен қатар, ғимараттың сыртындағы айыптаушыларды алып шығатын сот қақпасы да жаңартылған. Сот отырысына БАҚ өкілдері қатыстырылмауы мүмкін. Жергілікті тілшілер тек қысқа түсіндірме оқылатын сот үкіміне қатысады.

Пікір қалдырыңыз