Ақтөбе облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс күшейтіледі

Сондай-ақ облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтің төрағалығымен облыстық әкімдікте қылмыстың алдын алуға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Негізгі тақырып Елбасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша тапсырмасын орындау, шағын және орта кәсіпкерлікті әкімшілік кедергілерден қорғау аясында өрбіді.
Облыс әкімі бизнеске кедергі келтіретін бюрократтық әрекеттерге жол берілмеу керек деп ескертті. Бақылаушы және қадағалаушы органдардың жұмысына халықтың сенімін арттыру да оңай шаруа емес. Ол сондай-ақ, шағын және орта бизнесті тұқырта бермей, тексерудің ортақ жоспарын жасақтау керек деп тапсырды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Қайрат Сүнтаевтың айтуынша, 2016 жылдың тоғыз айында бақылаушы органдардың үстінен шағымданған 566 жеке тұлғадан және 12 кәсіпкерлік субъектісінен арыз түскен.
— Кәсіпкерлік нысандары иелері негізінен мемлекеттік сатып алуларда жіберілетін кемшіліктерге, жоспарлы тексерулердің ұзақ жүргізілетініне қатысты шағымданады. Кәсіпкерлер өздеріне салынған әкімшілік айыппұлдармен де келіспей жатады. Негізінен бұл арыздардың астарында кәсіпкерлердің сөзінің растығын көрсететін фактілер жиі кездеседі, — дейді Қайрат Сүнтаев.
Ал ішкі істер органдарында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне қатысты атқарылған шараларды департамент бастығы Махамбет Әбісатов мәлімдеді. Кадрлармен жұмыс, бұқаралық ақпарат құралдарына шынайы мәлімет беру сияқты сұрақтар көтерілді. Облыс әкімі сөз соңында полиция қызметкерінің тәртібі жалпы жұртқа үлгі болуы тиіс деп ескертті.
«Ақтөбе-ақпарат» орталығы.

Пікір қалдырыңыз