Бүгін театр маусымы ашылады

Бүгін Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының 25-інші маусымы ашылды. Бір ғимаратта үш труппаның басын қосып отырған театр ұжымы үшін өткен маусым сәтті болды. Алда да үлкен жоспарлар бар.

Бүгін кешке Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрдың жаңа маусымы орыс труппасының «Дядюшкин сон» спектаклімен ашылады. Федор Достоевскийдің шығармасы бойынша қойылымды сахнаға әзірлеген Ресейдің Кострома қаласында тұратын режиссер Татьяна Лукомская.
Қазақ труппасы өзінің 25-маусымын ертең астаналық режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов қойған «Есігімді қаққан кім?» спектаклімен бастайды. Жабал Ерғалиевтің бұл шығармасы облыс әкімінің тікелей тапсырмасы бойынша сахналанған болатын. Театр директоры Нұрлыбек Жұбатқанның айтуынша, қазіргі қоғамдағы ең күрделі мәселелердің бірі — жастардың жат діннің жетегінде кетуі, соның салдарынан отбасылардың шайқалуы, мұндай жайттың тек бір отбасына ғана емес, тұтас мемлекетке қандай зияны тигізетіні туралы қойылымды көрермен жақсы қабылдап жатыр. Жақында осы қойылымды ақтөбелік ұжым Астана қаласында өткен Ақтөбе күндерін барысында да көрсетті. Театр басшылығының айтуынша, сұраныс өте жоғары, сондықтан, бір топ үлгере алмағандықтан, қойылымды екінші топ қосымша әзірлеп жатыр.
Ал 8 қазан күні театрдың үшінші «Екі езу» сатира труппасы өзінің 19-театр маусымында алматылық режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сағызбай Қарабалин қойған Сая Қасымбектің «Әттең, қысқа өмір-ай!» комедиясын ұсынбақ.
Сондай-ақ осы маусымда театр ұжымы Әбіш Кекілбаевты еске алу кешін өткізеді. Осыған байланысты қазақ труппасы жазушының «Ханша дария хикаясын» сахналамақ. Оның режиссері Алмат Шарипов. Сондай-ақ, «Екі езу» труппасы өзбек драматургы Шараф Бошбековтің «Темір қатын» комедиясы мен халық ертегісі «Ұр, тоқпақты» қояды. Бұл екі қойылымның да режиссері Сырым Асқаров.
«Екі езу» сатриа труппасы жақында «Хабар» арнасында көрсетіліп жатқан «Ду-думан», «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Көңілашар» бағдарламаларына түсіп қайтты. Енді театр Қызылорда облысында өтетін Ақтөбе облысы күндеріне аттанбақ.

Пікір қалдырыңыз