Астаналық дәрігерлер Ақтөбе медицинасына жоғары баға берді

Лапароскопиялық ота жасаудың қыр-сырымен танысқан хирургтер әріптестеріне жоғары баға берді.
Ақтөбеде медицина саласы қарқынды дамып келеді. Екі күн бойы шетелдік мамандарды қабылдаған әріптестеріне астаналық дәрігерлер қызығып кетті. Олар Астана қаласының өзінде осы саладағы жүйеленбей тұрған кейбір істің Ақтөбеде жақсы ұйымдастырылғанын айтты.
— Ақтөбе қаласындағы халықаралық медициналық форум өте жоғары деңгейде өткізілді. Мұндай шара Астана қаласында да ұйымдастырылады. Тек кейбір себептерге байланысты өткізу жұмыстары кешеуілдеп, жұмыс тоқтап тұр. Ақтөбе қаласы бұл жағынан басып озды. Қазіргі хирургия саласының даму қарқыны жоғары. Әсіресе, Ақтөбедегі хирургтердің еңбектері жоғары. Осында келгенде оған көзіміз жетті, — дейді астаналық хирург Сәрсен Қобландин.
Оның айтуынша, Қазақстанда медициналық қызметтің тегін көрсетілуі дәрігерлер арасындағы бәсекелістікті төмендетуі мүмкін.
— Емдеу, күрделі оталардың барлығы шетелдерде ақылы түрде жасалады. Бізде де бәсекелестікті дамыту керек. Бәсекелестік болған кезде даму болады. Қазақстанда 2017 жылдан бастап сақтандыру медицинасы жүзеге асырылады. Ол кезде әрбір ота ақылы түрде жасалады. Медицина саласына қомақты қаржы келетін болады. Қазақстанда дәрігерлер арасында анау айтқандай бәсекелестік жоқ. 16 облыс өз қазанында өздері қайнап жатыр. Сондықтан, тәжірибе алмасуда осындай съездердің ролі зор, — дейді хирург Сәрсен Қобландин.

Пікір қалдырыңыз