Астанадан келген теологтар базарда тұратын намазхандармен кездесу өткізіп жатыр

Ел тыныштығын сақтау мақсатында облыс аумағында жұмыс істеп жатқан насихаттық топ бірнеше ауданда болып үлгерді. Имамдар мен теологтардан тұратын топ Ақтөбеде халық көп шоғырланған Алға, Шалқар аудандарына барды. Олар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жекелеген кездесулер өткізіп жатыр.

«Аңсар» ақпараттық талдау орталығының ресми сайты насихат тобының базар жанында сауда жасайтын намазхандармен де кездесу өткізгенін хабарлайды. Ақтөбеде болған лаңкестік оқиға кезінде күдіктілердің дені осы базарлар жанында сауда жасайтындар екенін айтылған болатын.
«Ақтөбе қаласындағы «Астана», «Арай» және «Мега Шығыс» сауда үйлерінде қызмет жасайтын жергілікті жамағаттармен кездесулер ұйымдастырылды. Кездесуге облысқа келіп діни бағытта ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізіп жатқан жұмыс тобы мүшелері қатысты. Соның ішінде дін саласында елге танымал мамандар Еркінбек Шоқай, Бауыржан Әлиұлы, Бауыржан Абдуалиев, Дәлелхан Оспанов және орталық теологтары қатысты», — деп хабарлайды «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы.

Хабарламада жамағат тарапынан ұсыныстар мен сұрақтар болғаны айтылады.
«Кездесу барысында мамандар жамағаттарға елде орын алып жатқан діни бағыттағы мәселелердің пайда болуы, олардың таралуы жөнінде өзекті мәселелер бойынша ақпараттар берді. Кездесу соңында жамағаттардың көкейтесті сұрақтарына жауаптар беріліп, ұсыныстары тыңдалды.
Топ жұмысы 1 айға дейін өңірімізде жалғасын табады», — дейді орталық хабарламасы.

Пікір қалдырыңыз