Алға қаласында кәсіпкер жалғызбасты анаға баспана алып берді

Алға қаласында тұратын әжелі-немерелі Плечковтар отбасы көптен күткен баспанаға қол жеткізді.
52 жастағы Антонина Плечкова осы күнге дейін немересін жалғыз өзі жетектеп өсіріп келеді. Өмірдің тауқыметін көп тартқан жалғызбасты ана. Оның жалғыз ұлы балалары үш айға келгенде әйелімен ажырасып, екі жарым жыл бұрын дүние салған. Ал, келіні баласына қайырылмапты. Антонина Плечкованың баспанасы болмағандықтан, немересін заңды түрде өз қамқорлығына ала алмай келген. 9 жыл бойы немересі Максимді балалар үйіне алып кете ме деген күдікпен өмір сүріп келді. Бірнеше жыл бұрын жұмысынан қысқарып, үй алуға қаражат жинай алмаған. Амалы таусылған ол тамыз айында «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалынан көмек сұрап барады. Партияның қоғамдық қабылдауына барып, өзінің мұң-мұқтажын баяндаған жалғызбасты әйелге кәсіпкерлер демеушілік жасапты.
— Біз алдымызға көмек сұрап келген баспанасы жоқ адамға көмек бергіміз келді. Жағдайын айтып, жан-жаққа хабар салдық. Демеушілер табылғаны жақсы болды. Әжейге баснана алып бердік. Ол немересін заңды түрде өз қамқорлығына рәсімдеді, — дейді «Нұр Отан» партиясы Алға аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Амангелді Сейдалиев.
Демеушілік жасаған кәсіпкер аудан орталығынан алты қабатты үйдің бесінші қабатынан бір бөлмелі пәтерді алып берген. Немересі Максим қазір №4 Алға орта мектебінің үшінші класында оқып жатыр.
Партия мүшелері бүгін әжесі мен немересін жаңа қоныстарымен құттықтап, кілем, жиһаз және теледидар сыйға тартты.
— Немерем Максим дүниеге келген соң, қатты қиналдым. Өйткені, туған анасы одан небәрі үш айында бас тартты. Содан бері немереммен бірге дос-жаран, таныстарымыздың үйінде тұрып келдік. «Нұр Отан» партиясына барып, көмек сұрадым. Бір айдың ішінде маған баспана тауып берді. Алғысым шексіз, — дейді Антонина Плечкова.
Бүгінде Алға қаласында үш мың адам үй кезегінде тұр. Оның мың жарымының қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар, жетім балалар мен көп балалы ата-аналар бар. Ал Алға қаласында көпқабатты үйлердің соңғы жылдары салынбайтынын ескерсек, Антонина Плечковаға жасалған кәсіпкердің бұл жақсылыы — тағдырдың үлкен сыйы.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз