Арнайы топ 1600-ден астам адамға кеңес берді

Өңірде 1600-ден астам адам Ақтөбе облысының әлеуметік-экономикалық проблемалар шешу үшін келген арнайы топтың көмегі мен кеңесін алып үлгерді. Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» баспасөз орталығы хабарлап отыр.

Еске салсақ, Елбасы тапсырмасына сәйкес, қыркүйектің 29-ынан бастап облыс аумағында орталық мемелкеттік органдардың және сарапшылық қоғамдастықтардың 200-ден астам маманы жұмыс жасап жатыр. Топ өкілдері аудандарда күн сайын тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдауда.
Бүгінгі күнге дейін жұмыс тобының мүшелері Мұғалжар және Алға аудандарында болды.
Мұғалжар ауданында «Кәсіпкерлік ортаны қалыптастыру» бағыты бойынша үш мәрте өткізілген шараларға 280 тұрғын қатысты. Оның ішінде Қандыағаш қаласында «Кәсіпкерлік негіздері» тақырыбында семинар өтіп, сарапшылар тұрғындарға бизнесті жүргізу туралы кеңес берді. Жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша семинардан тыс уақытта жоспарға енгізілмегеніне қарамастан, топ мүшелері 30 адамды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Сондай-ақ, сарапшылар мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары мен құрылыс бастау үшін рұқсат беретін рәсімдерді өтуге қатысты ережелердің арасында туындаған қарама-қайшылық туралы сұрақты шешті.
Ал Алға ауданында «Әлеуметтік мәселелерді шешу» бағыты бойынша 1 334 адамның қатысуымен 23 шара өтті. Оның ішінде 21 адамға көмек көрсетілді. Нақтырақ айтқанда, «Денсаулық пойызы» дәрігерлері 202 адамның денсаулығын тексерді. 390 оқушы профилактикалық тексеруден өтті. Аз қамтылған отбасылардан 355 адам және 82 мүмкіндігі шектеулі жан топ мүшелерінің кеңесіне жүгінді. Сондай-ақ, арнайы топ өкілдерінің мұрындық болуымен Бесқопа орта мектебіне үш жұмыссыз жұмысқа орналастырылды.

Пікір қалдырыңыз