Ақтөбеде мектеп директорларын тағайындау конкурсының нәтижесі шықты

Ақтөбеде мектеп директорлары мен мектепке дейінгі ұйымдардың басшылығына үміткерлер арасында өткен ашық конкурс нәтижесі шықты.

Кеше өткізілген ашық конкурсқа қала әкімі Ілияс Испанов қатысқан болатын. Ал, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, «Нұр Отан» партиясының мүшелері, білім сапасын бақылау департаментінің қызметкерлері, прокуратура және мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік өкілдері бақылаушы ретінде шақырылды. Конкурс нәтижесін Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева мәлімдеді.
— 15 мектептің директорын, 2 мектепке дейінгі ұйым және 4 қосымша білім беру ұйымының басшыларын тағайындау үшін ашық конкурс өткіздік. №9 орта мектеп директорлығына 5 үміткер қатысты. Бірақ бесеуі де өте алмай қалды. Сол сияқты, Благодарный мектебінің директоры болуға құжат тапсырған 10 адамның ішінен біреуі өткеніменнен, отбасы жағдайына байланысты қызметтен бас тартты. Енді осы екі мектептің директорларын тағайындау үшін қайтадан конкурс жариялауға тура келеді.
Ал №17 мектептің директорлығына 5 үміткердің арасынан Амангелді Оңғарбаев, №24 мектеп-гимназиясына 14 үміткердің арасынан Бекболат Әзімбаев, №25 мектепке 6 адамның ішінен Шолпан Баяділова, №28 мектептің директорлығына 12 үміткердің ішінен Айгүл Баймағамбетова, ал №32 мектеп-гимназиясына 11 адам қатысты, Айжан Жамбылова өтті. №38 мектептің директорлығына 16 адамның арасынан Назгүл Хасен, №42 орта мектептің басшылығына 11 үміткердің ішінен Рамазан Сексенов таңдап алынды. №46 орта мектепке 17 адамның ішінен Нұрлан Баймурзин, №51 гимназияға 10 адамның арасынан Гүлназия Дарибаева, Заречный мектеп-балабақшасына 8 адамнан Шынар Сейілханова, Қызылжар орта мектебіне 11 үміткерден Артур Мұхамбетжанов тағайындалды. Ал №660 және №61 орта мектептер — жаңа мектептер. Алпысыншы орта мектеп «Нұр Ақтөбе» және алпыс бірінші мектеп Заречный-3 елді мекенінде биыл пайдалануға берілді. №60 мектепке Абзал Тажамишев, №61 мектепке Майра Отарбаева директор болды, — дейді Ләззат Аманжолқызы.
Сол сияқты, Ақтөбе қалалық Оқушылар сарайына үш үміткердің ішінен Шамшат Жұбай, Пацаев атындағы ұшқыштар мектебіне екі үміткерден Болат Қайпанов, Қазанғап атындағы балалар өнер мектебіне үш үміткерден Жалғас Құдайбергенов, «Ақжелкен» аула клубына екі кандидаттан Жанболат Дәрімбетов басшылыққа тағайындалды.
Ал мектепке дейін ұйымдарға келсек, №30 «Ұрпақ» балабақшасына Раушан Бисенова және №51 «Жарқын бала» балабақшасына Ирина Сандыбаева конкурс талаптарынан өтіп, басшылыққа келген.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз