Ақтөбелік дәрігерлер тұмауға қарсы екпе алуға шақырды

Ақтөбе облысында тұмаумен ауырған 39 науқас, ал респираторлық вирустық инфекция жұқтырған 9174 адам тіркелді. Тұмаумен негізгінен 14 жасқа дейінгі балалар ауырған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқарамасы өткізген баспасөз мәжілісінде айтылды.
Биыл 2015 жылмен салыстырған респираторлық вирустық инфекция 1,5 есеге, ал тұмау 1,3 есеге азайған. Тұмаумен Алға ауданында бір адам, Ақтөбеде 38 адам ауырып түскен. Дәрігерлер тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолы вакцина екенін айтып түсіндіруде.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша желтоқсаннан сәуір айына дейінгі аралықта Қазақстанда тұмаудың «А» және «В» түрлі вирустары белсенді болады екен.
— Тұмаудың күшейетін кезі қаңтар мен ақпан айларына келеді. Вакцинаны қаланың кез-келген емханасына барып алуға болады. Бағасы мың жарым теңгеден басталады. Ал жетім балаларға, қарттарға, жүкті әйелдерге, басқа да осал топқа жататындарға екпе тегін жасалады, — дейді облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің маманы Гүлжанат Бұқарбаева.
Мамандардың айтуынша, тұмауға қарсы екпені негізінен қыркүйектен желтоқсан айына дейін қабылдаған тиімді. Иммунитет вакцина қабылдаған соң 14 күннен кейін қалыптаса бастайды екен.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз