Ақтөбеде тарихи-өлкетану музейі өртенді

Бүгін түскі сағат 12-лердің шамасында, өртке қарсы қызметтің кезекшісіне облыстық тарихи-өлкетану музейінде өрт шықты деген дабыл түсті. Музей қаланың ескі бөлігінде, Алтынсарин көшесінің бойында орналасқан. Оқиға болған жерге, өрт сөндірушілер, қалалық жедел және апаттық қызмет өкілдері сондай-ақ, медицина қызметкерлері мен электр жүйесі мамандары жетті.
Тілсіз жау ғимараттың шатырына дейін шарпыған. Музей ғимараты ескі, ағаштан жасалған жәдігерлер көп. Оқиға болған жерде зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге барлығы 10-ға жуық техника жұмылдырылды.
— Апаттың шығу салдары әзірге анықталу үстінде. Зертханалық жұмыстардан кейін ғана дәл себебін айта аламыз. Өрттің кесірінен мұражайдың кейбір экспонаттары мен құжаттары жанып кетті, — дейді облыстық өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары Арман Қадыров.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз