48 ақтөбелік тұрғын мектеп директорлығына үміткер

48 ақтөбелік тұрғын мектеп директоры лауазымына үміткер. Бүгін қалалық әкімдікте 15 мектептің директорларын тағайындау үшін бос тұрған орындарға ашық конкурс өткізілді. Бүгінгі күнге дейін №9, №17, №24, №25, №28, №32, №38, №42, №46, №51, №60 және №61 мектептердің директорларының орны бос тұрды. Сол сияқты, Заречный мектеп-балабақшасына, жас ұшқыштар мектебіне, Қазанғап атындағы өнер мектебіне, «Ақжелкен» аула клубына, №30 «Ұрпақ» және №51 «Жарқын бала» балабақшаларына да жаңа басшы тағайындалуы керек.
Жарияланған конкурс нәтижесінде мектеп директорлығына 48 үміткер, қосымша білім беру ұйымдарының басшылығына 7 үміткер және мектепке дейінгі ұйымдар меңгерушілігіне 2 үміткер құжат тапсырған. Бүгін өткізілген ашық конкурсқа қала әкімі Ілияс Испанов қатысты. Ал, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, «Нұр Отан» партиясының мүшелері, білім сапасын бақылау департаментінің қызметкерлері, прокуратура және мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік өкілдері бақылаушы ретінде шақырылды. Қалалық білім бөлімі басшысының айтуынша, 15 мектептің директоры зейнеткерлікке шығуына байланысты орындарын босатқан.
— Бұл мектептердің директорлары зейнет жасына жетті. Бірақ, біз олармен қоштасқан жоқпыз. Сол мектептерінде мұғалім болып сабақ бере береді. Әрі жаңадан тағайындалған мектеп басшыларына тәлімгер ретінде тәжірибесімен бөліседі, көмек көрсетеді, — дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз