Ақтөбеде емханалар зейнеткерлерге тегін қызмет көрсетіп жатыр

Қазанның үші және оны аралығында Ақтөбедегі барлық емханалар зейнеткерлерге тегін қызмет көрсетеді. Бұл акцияны қарттар мен мүгедектер күніне орай қалалық әлеуметтік көмек беру орталығы ұйымдастырды. Бүгін бұл шара «Айгерім» жеке клиникасынан басталды.
Бүгінде қалалық әлеуметтік көмек беру орталығының есебінде 750 зейнеткер тіркеуде тұр. 101 әлеуметтік қызметкер аптасына екі мәрте олардың үйлеріне азық-түлік апарып, коммуналдық төлемдерін төлейді.
Ал дәрігерлердің айтуынша, қазіргі уақытта қарттардың денсаулығына байланысты мәселе көп. Әсіресе, емханаға қан тамырларының ауруы, қант диабеті сияқты сырқаттармен жиі келеді.
— Біз бұл акциямен шектелмейміз. 13-14 қазан күндері осы емханада көз дәрігерлері зейнеткерлерді тегін қабылдайды. Бұдан өзге де мамандар қызмет көрсетпек. Оның кестесін тіркеу бөлімінен біле аласыздар, — дейді дәрігер-офтальмолог Наталья Закелова.
Әр жексенбі сайын қаладағы «Дару», «Доверие» және «Қуаныш» клиникалырында зейнеткерлерге тегін қызмет көрсетіледі.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз