Астанада Ақтөбе күндері өтті

Ақтөбелік керуен Елордаға ауыр келіп, жеңіл қайтты.

 Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Астанада өткен «Қуатты өңірлер — қуатты Қазақстан» атты Ақтөбе облысының күндері барысында батыстан келгендер елордалықтарды ерекше бағдарламамен таңғалдырды.

«Осы уақытқа дейін Астанада басқа облыстардың күндері өткізілді. Бірақ Ақтөбе облысының бағдарламасы ерекше болды», — деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев Бердібек Сапарбаевтың зиялы қауыммен кездесуге келгенінде.

Елордадағы Ақтөбе күндері ақын Ертай Ашықбаевтың шығармашылық кешімен, С.Бәйішев атындағы облыстық кітапхана ұйымдастырған «Ақтөбе жері –шайырлар елі» атты виртуалды кітап көрмесімен, Астана қалалық ардагерлер және мүгедектер үйінде өткізілген қайырымдылық шараларымен басталды.

Ақтөбе күндері аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Астанада оқып жатқан жастармен, Астанада тұрып жатқан зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Еуразия Ұлттық университетінде, Назарбаев университетінде оқып жатқан жастар аймақ басшысына  сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты. Ақтөбеде болып жатқан жайттарға бей-жай қарай алмайтынын, болашақта Ақтөбеде жұмыс істегісі келетін ойларын айтты. Аймақ басшысы облыста жасалып жатқан жұмыстармен, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстырды:

— Осының барлығының бір ғана мақсаты бар – жақсы, білімді, тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу. Сіздер мықты болуларыңыз керек. Теріс дінге ермеңіздер, ұл-қыздарымыз тәрбиелі болуы керек. Қазақ қыздарының шаштасып төбелескенін, оны қазақтың жігіттерінің қызықтап, түсіріп алып, оны интернетке жүктеп, мәз болғанын қашан көрдіңіздер? Ондай бізде бұрын болған жоқ.  Елдің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Сіздерді тәрбиелеп өсірген елді, жерді ұмытпау керек. Оқуды бітірген соң Ақтөбеге келіңіздер. Жақсы маман боламын десеңіздер, алдымен кішкентайдан, ауылдан бастау керек. Сондықтан, сіздерді Ақтөбе күтеді, келіңіздер, — деді облыс әкімі.

Зиялы қауыммен кездесуде де талай ұсыныс айтылды. Өңір басшысы қаламгерлерді, суретшілер мен мәдениеттанушыларды Ақтөбені бірге көркейтуге, қоғамды, әсіресе жастарды бірге тәрбиелеуге шақырды. Идеялар, ұсыныстар күтетінін айтты.

Кездесуге келген кейбір қаламгерлер бұрынғы уақыттарда Ақтөбе өңірінде өнерге, мәдениетке деген дәл осындай көзқарастың болмағанын айтты.

— Өнерге, әдебиетке деген көзқарастың салғырттығынан кезінде Есенбай ақын «Қазақ әдебиетіне» «Ақтөбе қабылдамайды» деген мақала жазды. Ол әлдекімге айтылған өкпе, реніш емес, әдебиетке, мәдениетке көңіл аударылса екен деген ойдан туған мақала еді. Шынын айту керек, бұрындары Ақтөбе облысында идеология мәселесі нашар болды.  Осындай кездесу өткізіп, көңіл бөлініп отырғанына шын қуанып отырмын. Жақында айтыс ақындарының бірінің «Архимедтің физика сабағы аяқталды, енді Бердібектің әдебиет сабағы басталады» деген сөзін естідім. Бұл сөзде де бір шындық бар, — дейді жазушы Қажығали Мұхамбетқалиев.

— Расында да бізді кезінде қабылдамай, жаман үйретті. Егер осылай жиі кездесіп отырсақ, идеядан үй салып берер едік. — деді мәдениеттанушы Серік Ерғали–Облыс әкімі жанынан жобалар орталығы секілді форматтағы клуб жұмыс істеуі керек. Сол жерге жиналып, нақты жобаларымызды ұсынар едік. Жоба көп, идея жетеді.

Аймақ басшысы алдағы жылдан бастап «Ақтөбе жерлестерін шақырады» атты жоба қолға алынатынын айтты. Бұл шараға еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген ақтөбеліктер шақырылады. Астаналықтар үшін Ақтөбе күндеріндегі ең үлкен олжа ауылшаруашылығы жәрмеңкесі болса керек. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қаржаубай Ыбырайымұлының айтуынша, жәрмеңкеде өнімдер базардағы бағадан 10-15 пайыз арзанға сатылды. Астаналықтар дорбаларын толтырып алып кетіп жатты. Астанаға Ақтөбеден 120-дан астам өнім өндіруші ауыр келіп, жеңіл қайтты. Жалпы алғанда 400 тоннадан астам өнім әкелінген. Ақтөбенің еті мен сүті, балығы, көкөнісі – бәрін талап алып кетті.

Бұдан өзге қолөнер шеберлерінің, балалар шығармашылыңы мен суретшілердің, мүсіншілердің көрмелері өткізілді, спорттық шаралар, өнер жұлдыздарының концерті өтті, ал аспаздар астаналықтарға тегін бауырсақ үлестірді.

Жастар сарайында Ж.Ерғалиевтің «Есігімді қаққан кім?», Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» спектакльдері қойылды.

Ақтөбе күндері Конгресс-холлда өткен Ақтөбе өнерпаздарының гала-концертімен қорытындыланды.  Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойына арналған концертте ақтөбелік 260 өнерпаз сахнаға шықты.

Бір сөзбен айтқанда, Ақтөбе астаналықтарды үш күн бойына арзан өніммен, әдемі көпшілік-мәдени шараларымен қуантты. Астаналықтарға мереке сыйлады. Бердібек Сапарбаев зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде басқа да облыстарда Ақтөбе күндері өтетінін айтқан-ды. Астанадан ауылға қарай бет алған керуеннің жүгі жиылмаса, біздің ақтөбеліктер тағы да бірнеше облыс тұрғындарына мереке сыйлауға дайын…

 

 

Пікір қалдырыңыз